Кеше қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова Біріккен Араб Әмірліктерінің клубына ауысқаны жайлы хабарланған. Дәл қазір командалық спорт түрлерінен шетелдік клубтарда ойнап жүрген бірқатар қазақстандық бар. Tengrinews.kz тілшісі карьерасын өзге елде жалғастырып жатқан қазақстандық спортшыларға шолу жасады.
Кеше қазақстандық волейболшы Сабина Алтынбекова Біріккен Араб Әмірліктерінің клубына ауысқаны жайлы хабарланған. Дәл қазір командалық спорт түрлерінен шетелдік клубтарда ойнап жүрген бірқатар қазақстандық бар. Tengrinews.kz тілшісі карьерасын өзге елде жалғастырып жатқан қазақстандық спортшыларға шолу жасады.
Сабина Алтынбекова - БАӘ-де
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Келер жылдан бастап Алтынбекова арабиялық "Аль-Васл" клубының намысын қорғайды. Дубайдың командасы мультиспорт клубының құрамына кіреді. Бұл клуб көптеген спорт түрін қамтыған.
2019 жылы "Аль-Васл" волейболдан Арабиялық Чемпиондар лигасында топ жарған. Бұған дейін 23 жастағы волейболшы "Алматы" командасында өнер көрсеткен еді.
"2020 жыл - жаңа бастамамен", - деп жазды Алтынбекова Instagram желісіндегі парақшасында. Бұл жазбасында ол жаңа командасының формасымен суретке түскен.
Бұл Алтынбекова өнер көрсететін шетелдік екінші команда болмақ. 2015 жылы ол Жапонияның екінші дивизионында ойнайтын CSS Sunbeam командасында өнер көрсеткен.
Бахтиер Зайнутдинов - Ресейде
Бахтиер Зайнутдинов. © РИА Новости
21 жастағы қазақстандық футболшы Бахтиер Зайнутдинов бүгінде ресейлік "Ростов" клубында доп теуіп жүр. Бұл командаға ол биыл қаңтарда ауысқан болатын.
"Ростов" сапында Зайнутдинов жалпы алғанда 19 матч өткізіп, үш гол соққан. Таяуда футболшы Ресей чемпионатында мәскеулік "Спартак" қақпасына дубль жасап, командасының жеңіске жетуіне көмектескен.
Ресейге кетпес бұрын Бахтиер тек Қазақстанда ойнаған еді. Алдымен туған клубы "Таразда" футбол жолын бастаған ол былтырғы маусымды "Астана" сапында өткізген. Футболшы тұрақты түрде Қазақстан құрамасына шақырту алып тұрады.
Ресейде доп теуіп жүрген қазақстандық жалғыз Зайнутдинов емес. "Сочи" сапында Акмаль Бахтияров ойнайды, бірақ ол көбіне матчты қосалқы құрамда ғана өткізіп жүр.
Найджел Доус - Ресейде
Найджел Доус. © hc-avto.ru
Хоккейші Найджел Доус Канадада туып, карьерасын сонда бастаған. Бірақ соңғы бірнеше жылда ол өмірін Қазақстанда өткізген. 2011 жылы елордалық "Барыс" сапына ауысқан Найджел өзін шайбалары арқылы жоғары деңгейлі шабуылшы екенін көрсетті.
Сөйтіп, 2016 жылы Қазақстанда тұрып жатқанына бес жыл уақыт өткен соң Найджел Доус ел азаматтығын алған.
Ал былтыр шабуылшы "Барыста" жеті жылын өткізген соң ресейлік "Автомобилист" клубына ауысқан. Биылғы маусымда оның командасы Шығыс конференциясында төртінші орында келеді. Доустың өзі 25 матчқа қатысып, 14 шайба мен 11 асисст авторы атанған.
35 жастағы Найджел Доус Қазақстан азаматтығын алғалы құрама сапында үш рет әлем чемпионатына қатысқан.
Георгий Жуков - Польшада
Георгий Жуков. Фото: Кен ван Дейк
25 жастағы Георгий Жуков Семейде дүниеге келген. Бірақ бес жасында отбасы Бельгияға көшіп, Георгий футболмен сонда айналыса бастаған. Футболшы елге тек 2014 жылы оралды.
"Астана" сапында екі маусым ойнағаннан кейін голландиялық "Рода" мен ресейлік "Уралда" доп теуіп қайтқан. Соңғы үш жылда ол алматылық "Қайраттың" намысын қорғады. Таяуда футболшы польшалық "Висла" клубымен келісімшартқа отырған.
"Висла" Польша Премьер-лигасында ойнайды. Қазір 20 матчтан кейін 16 команда ішінде 15-орында келеді. Жуков жаңа клубында 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап өнер көрсетеді.
Хавбек соңғы уақытта Қазақстан құрамасына тұрақты шақырту алып жүр. Бүгінде дейін ұлттық құрама сапында 15 матчқа қатысқан.
Михаил Першин мен Павел Таку - Қырғызстанда
Оң жақтан бірінші - Першин, төртінші - Таку
Қазақстандық футзалшылар Михаил Першин мен Павел Таку қазір қырғызстандық Erem клубында ойнап жатыр. Екі футзалшы - да қарағандылық футболдың түлегі.
30 жастағы Першин карьерасын қарағандылық "Тұлпарда" бастап, сонда жеті жыл өнер көрсеткен. 2015 жылы алматылық "Қайратқа" ауысып, Қазақстан чемпионы атанған. Ал өткен маусымда "Оқжетпес" сапында ойнады.
"Оқжетпесте" Першинмен бірге Таку да ойнаған. 31 жастағы Павел Таку "Оқжетпеске" дейін "Тұлпар" мен "Ақтөбеде" сәтті ойнаған.
Қазір екі футболшы да қырғызстандық Erem клубында ойнап жатыр. Бұл командаға олар биыл қыркүйекте ауысқан. Erem - футзалдан Қырғызстанның қазіргі чемпиондары.