12 февраля 2020 | 13:42

60-жылдары әлем рекордын бірнеше рет жаңартқан қазақстандық желаяқ Әмин Тұяқов

Әмин Тұяқов.

Бүгін қазақстандық жеңілатлет, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, жүгіруден өткен ғасырдың 60-жылдары бірнеше рет әлем рекордын жаңартқан Әмин Тұяқовтың туған күні. Даңқты спортшы 83 жасқа толды.  Tengrinews.kz тілшісі спорт ардагерінің өмірі мен еңбек жолын баяндайды.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Бүгін қазақстандық жеңілатлет, КСРО-ның еңбек сіңірген спорт шебері, жүгіруден өткен ғасырдың 60-жылдары бірнеше рет әлем рекордын жаңартқан Әмин Тұяқовтың туған күні. Даңқты спортшы 83 жасқа толды.  Tengrinews.kz тілшісі спорт ардагерінің өмірі мен еңбек жолын баяндайды.

Мамандығы бойынша - педагог

Реклама
Реклама

КСРО 6 дүркін чемпионы және қазақ жеңіл атлетикасының тұңғыш рекордшысы Маңғыстау өңіріндегі Шайыр ауылында дүниеге келген. 100-200 метр қашықтыққа жүгіруден алдына жан салмаған Әмин Тұяқов мектепті бітіргеннен кейін Атыраудағы педагогикалық институтта оқыды. Осы оқу орнында білім ала жүріп, спортпен айналысып, жарыстарға қатысқан.

Осылайша, жемісті жеңістерінің арқасында 1957 жылы Қазақстан құрамасының қатарына қосылады. Спорттық мансабын қарқынмен бастаған Әмин Елемесұлы 1959 жылы Бүкілқазақстандық ІХ спартакиадада 100, 200, 400 метр қашықтыққа жүгіруден 3 дүркін чемпион атанады.

50-ге жуық халықаралық жарыстардың жүлдегері болған.


© aktausport.kz

"Токио Олимпиадасынан кейін самосвалмен қайтқан"

90-жылдары Әмин Тұяқов Қазақстанның жеңіл атлетикадан бас бапкері болып тағайындалып, Ольга Шишигинаны жаттықтыра бастайды. Спортшының әйелі Алма Досымбаева сұхбаттардың бірінде осы кезеңнің өте ауыр болғанын айтады.

"Жолдасым ең ауыр, ең қиын кезеңдерді өткеріп жатқанымызда спортшы атанды. Барлық сырқатымызды ұмытуға тура келді. Ешкім бізге жағдай жасаған жоқ. Олимпиадалардағы жеңістерінен кейін оның тіпті үйге жетуге мұршасы болмады: жеткізіп тастайтын көлік болған жоқ. Жол-жөнекей кетіп бара жатқан КамАЗ-дарды тоқтатып жетіп алатын", - дейді спортшының әйелі.


1960-жылдары өткен жарыстардың бірінде. © Lada.kz

Алма Досымбаеваның айтуынша, қазіргі спортшылар бақытты.

"Қазіргі кезде (спортшыларды - автор.) аяғын жерге тигізбей көтеріп алып кетеді. Ал бұл кісі ауылға барарға машина таба алмай, самосвалмен барған Токио Олимпиадасынан кейін", - дейді Досымбаева.

Бұл туралы ол "Хабар24" телеарнасына берген сұхбатында айтқан еді.

Айта кетейік, жары Алмамен 50 жылдан аса уақыт отасқан Әмин Тұяқов ұлы мен қызынан бірнеше немере сүйіп отыр. 

Спортшының өміріндегі ең жарқын жеңісі қандай?

КСРО еңбек сіңірген спорт шебері сұхбаттарының бірінде өміріндегі ең жарқын жеңісі мен естен кетпес сәтін бөліскен еді.

"Спортты енді бас­тап жатқан кездегі ауылдық, аудандық жарыстардағы жеңісім ең ерекшесі шығар. Болмаса спорт шеберлігін орындаған кезім... КСРО чемпионы атанып, өз елімнің әнұранын шыр­қатқаным - өмірімдегі ең жарқын жеңісім болуы мүмкін. Бұл дәл мына кез деп анық айта алмаймын. Бапкер болып жүргенде шәкірт­терім чемпион атанып, әнұран орындағанда көзіме жас келген. Өйткені бұл жерде менің еңбегім ақталды ғой. Мүмкін осы шығар өмі­рімдегі ең жарқын жеңісім", - деген еді жеңілатлет.

"Ешқайсын қазақ, орыс деп бөлген жоқпын"

Спортшы жеңіл атлетикадан ұлттық құрамада қазақтардың жоғы көңіліне батқанын айтады.

"Менің қоластымда 60-тан аса бала жаттықты. Олардың ешқайсысын қазақ, орыс деп бөлген жоқпын. Бірақ, бәрібір қазақтың оза шапқанын, қазақтың тұғырдан тұрғанын көргім келеді. (...) Олимпиада ойындарында атой салатын қазақ баласы ауылда құм кешіп жүр. Солардың көзін ашсақ, шіркін деп армандаймын", - дейді Әмин Тұяқов.

Сондықтан КСРО 6 дүркін чемпионы баланы спортқа деген қызығушылығын арттыруға аса мән беріп, 6 жастан бастап жаттықтыруға кеңес береді.

"Бапкер түзелмейінше, қазақтан чемпион шықпайды"

Cпортшы сұхбаттарының бірінде қазақ спортшылары арасында жеңіл атлетикадан Олимпиада чемпиондары қашан шығатыны жайлы әңгімелеген еді. 

"Бүгін-ертең шығады деп, дөп басып айта алмаймын. Егер де дәл қазір жасы 10-нан асқан балаларды спорт залға әкеліп, әрқайсына көңіл бөліп, бапкерлер ықыласпен тәрбиелесе, алдағы 10-15 жылдың ішінде олар Олимпиадада жемісін береді. Аз уақытта Олимпиада чемпионын дайындап шығу өте қиын. Жеңіл атлетикада Олимпиада чемпионының шықпауының бір себебі - бапкерлер кадрына келіп тіреледі. Қазір көптеген жоғары оқу орнында бапкерлерді оқытып шығарады. Бірақ олар­дың деңгейі өте нашар. (...) Өзім де өмір бақи қазақтан Олимпиада чемпионы қашан шығады екен деп армандап келемін", - деген еді жеңілатлет.

Осылайша 31 жасында спорттық карьерасын аяқтаған атлет қазіргі уақытқа дейін қазақ спортының жандануына атсалысып келеді.


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram