РЕФЕРЕНДУМ ПО АЭС - 6 ОКТЯБРЯ
03 августа 2021 | 14:30

"26 жыл сақталған". Токио Олимпиадасында жаңарған әлем рекордтары

ПОДЕЛИТЬСЯ

Олимпиада көп спортшының ең басты мақсаты болғандықтан, бәрі де оған үлкен дайындықпен келеді. Сондықтан қызу бәсеке кезінде рекордтар қойылып жатады. Бүгінде Токиода бірнеше әлем рекорды жаңарған. Tengrinews.kz тілшісі Токио Олимпиадасында жаңарған әлем рекордтарын жинап шықты. 


Олимпиада көп спортшының ең басты мақсаты болғандықтан, бәрі де оған үлкен дайындықпен келеді. Сондықтан қызу бәсеке кезінде рекордтар қойылып жатады. Бүгінде Токиода бірнеше әлем рекорды жаңарған. Tengrinews.kz тілшісі Токио Олимпиадасында жаңарған әлем рекордтарын жинап шықты. 

Бір айда рекордты екі рет жаңартты

Норвегиялық жеңілатлет Карстен Вархольм 400 метрге кедергілермен жүгіруде алтын медаль алып, әлем рекордын орнатты. Оған дейінгі әлем рекордын да осы Вархольм биыл 1 шілдеде Гауһар лигасында қойған болатын.

Токио Олимпиадасында норвегиялық спортшы қашықтықты 45,94 секундта жүгіріп өтті. Ол өз рекордын бір секундқа жақсартты. 


© Reuters

Вархольм шілдеде рекорд жаңартпас бұрын ең үздік нәтиже америкалық Кевин Янгаға тиесілі еді. Ол 1992 жылы 400 метрді 46,78 секундта жүгіріп өткен.

26 жыл сақталған рекорд жаңарды

Жеңіл атлетикадағы тағы бір әлем рекордына тоқталайық. Венесуэла өкілі Юлимар Рохас үш қарғып секіруден әлем рекордын орнатты. Спортшы 15,67 метрге секірген. 

Рохас бұған дейінгі әлем рекордынан бірнеше сантиметрге озып кетті. 1995 жылғы әлем чемпионатында украиналық Инесса Кравец 15,50 метрге секірген болатын. 26 жылдан бері рекорд бұзылмай тұрған еді.   


© Reuters

Жүзуден бірнеше әлем рекорды тіркелді

Америкалық Калеб Дрессел 100 метрге баттерфляй әдісімен жүзуде "алтын" алып қана қоймай, әлем рекордын орнатқан. Ол 49,45 секундта жүзіп өтті.

Кейінгі рекордты да 2019 жылы шілдеде Дрессел орнатқан. Токиода ол сол рекордын жаңартып отыр.  


© Reuters 

Кейін Дрессел тағы бір әлем рекордының авторы атанды, бірақ бұл жолы эстафета жарысында. АҚШ құрамасы Токиода жүзуден 4х100 метрге комбинациялық эстафетада әлем рекордын жаңартқан. Райан Мёрфи, Майкл Эндрю, Калеб Дрессел мен Зак Эппл жарысты 3:26,78 минутта аяқтады.

Бұған дейінгі рекордты америкалық құрама 2009 жылы орнатқан - 3:27,28.

Аустралия әйелдер құрамасы да биыл жүзуден эстафетада әлем рекордын қойды. Еркін стильде 4х100 метр эстафетада олар 3.29,69 уақыт көрсетіп, әлем рекордын жаңартты. 


Фото: championat.com

Кейін жүзуден тағы бір рекорд жаңарды. Аралас комбинациялық эстафетада Ұлыбритания құрамасы жеңіске жетті. 4х100 эстафетада олар 3:37,58 уақытын көрсетіп, алтын медаль иеленді.  

Әйелдер арасындағы 200 метр эстафетасында Қытай құрамасы топ жарды. Бұл елдің төрт спортшысы 200 метрді 7:40,33 минутта жүзіп өткен. Бұл да - әлем рекорды. 

Жүзудегі жекелей жарыстарға тоқталсақ, мұнда да рекордсыз өтпеді. Оңтүстік Африка өкілі Татьяна Схунмакер Токиода "алтын" олжалаған. Жеңіс үшін жаңа әлем рекордын қойды. Ол 200 метрге брасс әдісімен жүзуде 2:18.95 уақытын көрсетті. 


© Reuters

Академиялық есуден төрт әлем рекорды жаңарды

Академиялық есуден де бірден бірнеше рекорд орнатылды. Ерлер арасында Нидерланды құрамасы 2 шақырымға төрттік жарыста 5:32,03 минут көрсеткішімен әлем рекордын қойып, "алтын" иеленген.  

Дәл осы жарыс бойынша әлем рекорды әйелдер арасында да қойылды. Бұл жолы Қытай құрамасы топ жарды. Олар 2 шақырымды 6:05,13 секундта жүзіп өткен. 


Фото: Chinanews.com

Румыния да Токио Олимпиадасында әлем рекордын қойған спортшыларымен мақтана алады. Академиялық есуден жұптық жарыста Николета-Анкуца Боднар мен Симона Радиш 6:41,03 минутта мәреге жетіп, әлем рекордын қойған. 

Ал ерлер арасындағы жұптық жарыстың жартылай финалында ирландиялық Финтан Маккарти мен Пол О'Донован 6:5,33 минутпен финалға шығып, әлем рекордын орнатқан.  

Бұл рекордтың бәрі 2014 жылдан бері жаңарып отыр. 

Өз салмағындағы барлық рекордты жаңартқан

Ал қытайлық ауыратлет Чжиюн Ши 73 келіге дейінгі салмақта әлем рекордын жаңартты. Ол екі жаттығу бойынша 364 келіні еңсерген. Бұл 73 келідегі әлем рекорды саналады. 


Фото: Reuters

Осылайша, Чжиюн Ши өзі қойған рекордтан бір келіге көп көтеріп отыр. Сонымен қатар, жұлқи және серпе көтеруде де әлем рекорды осы қытайлық зілтеміршіге тиесілі. 

Іріктеуде әлем рекорды қойылды

Биыл неміс велошабандоздары Олимпиадаға тыңғылықты дайындалып келген. Оны кеше іріктеуде-ақ көрсетті. Әйелдер арасындағы командалық жарыста Германия құрамасы финалға бірінші орынмен шықты. Олар іріктеуде 4:7,307 минут көрсетті. Бұл - әлем рекорды. 

Бұған дейінгі рекордты 2016 жылы Рио Олимпиадасында ұлыбританиялықтар қойған еді. Неміс шабандоздары сол рекордты үш секундқа жақсартты. 

Ал әзірше қазақстандық спортшылар үшін Токио Олимпиадасы ойдағыдай өтіп жатқан жоқ. Қазіргі уақытта Қазақстан қоржынында үш медаль бар, бірақ "алтын" жоқ. Бұған дейін дзюдошы Елдос Сметов, ауыратлеттер Игорь Сон мен Зүлфия Чиншанло қола медаль иеленген болатын.  

Ал бүгін грек-рим күресінен төртінші балуанымыз да жарыс жолын алғашқы кезеңнен аяқтаған. Бүгін боксшылар Сәкен Бибосынов пен Зәкір Сафиуллин жартылай финал жолдамасын сарапқа салады. Ал Милад Карими биылғы Олимпиададағы үшінші финалында өнер көрсетеді. Токио Олимпиадасының 3 тамыздағы кестесін мына сілтемеден қарай аласыздар. 

Читайте также
Join Telegram

Курс валют

 480.4   533.87   5.33 

 

Погода

 

Редакция Реклама
Социальные сети