20 февраля 2022 | 19:11

16 жылдан кейінгі тоқырау. Қысқы спортта қандай өзгеріс керек?

Фото: Сали Сабиров, Olympic.kz

Кеше Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Амал не, биыл спортшыларымыз артылған үмітті ақтай алмады. Үш аптадан аса уақытқа созылған додадан Қазақстан атлеттері жүлдесіз оралды. Tengrinews.kz тілшісі Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы қорытындалады.

ПОДЕЛИТЬСЯ

Кеше Бейжіңдегі қысқы Олимпиада ойындары мәресіне жетті. Амал не, биыл спортшыларымыз артылған үмітті ақтай алмады. Үш аптадан аса уақытқа созылған додадан Қазақстан атлеттері жүлдесіз оралды. Tengrinews.kz тілшісі Бейжіңдегі қысқы Олимпиаданы қорытындалады.

Биылғы Олимпиададағы үздік нәтижеміз

Биыл қазақстандық жанкүйерлер эмоцияға бөленіп, соңына дейін жанкүйер болған жалғыз сайыс шорт-тректен 500 метрге жарыс болды. Онда қазақстандықтар туұстар Абзал Әжіғалиев пен Денис Никишаға сенген. Негізі көбі тәжірибелі Никиша финалға шығады деп күткен еді. Алайда басты жарысқа Абзал Әжіғалиев жолдама алды. Өкінішке қарай, Абзал үздік үштікке кіре алмай, жарысты төртінші орынмен аяқтады. Бұл - Қазақстан құрамасының Бейжің Олимпиадасындағы ең үздік нәтижесі. 

Реклама
Реклама

"Менің спорттағы ең үлкен арманым - шорт-тректі дамыту еді. Қазақ балалары қысқы спортта әлсіз деген стереотипті бұзғым келді. Біздің де коньки теуіп, сырғанай алатынымызды көрсеткім келді", - деген еді Абзал жарыстан кейін. 

Фото: Сали Сабиров. Olympic.kz

Құрама жалғыз бесінші орын бар. Оны да шорт-трекшілер алған. Бұл жолы аралас командалық эстафета жарысында. 

Биылғы Олимпиадада ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер - осы. 2018 жылғы Олимпиада жүлдегері Юлия Галышевадан да жүлде күткен еді дүйім жұрт, бірақ отандасымыз финалда сүрініп, суперфиналға шыға алмады.

Фото: Сали Сабиров. Olympic.kz 

Үздік ондыққа кіргендер ішінде шорт-трекшілер Денис Никиша (8-орын), Әділ Ғалиахметов (8-орын) және могулшы Дмитрий Рейхерд (8-орын) бар. 

Расын айтқанда, қалған спорт түрлерінен Олимпиада басталмай тұрып-ақ ешкім медаль күтпеген. Олимпиададан кейін спортшыларымызға берілетін сыйақы мөлшері де көп емес. Абзал Әжіғалиев 4-орны үшін 30 мың доллар алады. Ал эстафета жарысында бесінші орын алған Абзал Әжіғалиев, Денис Никиша, Әділ Ғалиахметов, Ольга Тихонова мен Яна Ханға 10 мың доллардан беріледі.  

Фото: Сали Сабиров. Olympic.kz 

16 жылдан кейінгі тоқырау

Кейінгі жылдары Қазақстан қысқы Олимпиададан жүлде алмай қайтпайтын. 2010 жылы биатлоншы Елена Хрусталева күміс медаль алған. Ал төрт жылдан кейін мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен мен 2018 жылы могулшы Юлия Галышева қола медаль жеңіп алған болатын. 

Денис Тен. Фото: Olympic.kz 

Биыл бұл дәстүр тоқтады. 2006 жылдан бері алғаш рет Қазақстан Олимпиададан жүлдесіз оралды. Сол жылы Туриндегі Олимпиадаға 67 бірдей қазақстандық барып, бір жүлде де еншілей алмаған. Ең үздік нәтижеміз шаңғы жарысынан командалық спринттегі 6-орын болатын. 

Содан бері Қазақстан 2011 жылы қысқы Азия ойындарын, 2017 жылы қысқы Универсиада өткізді, қысқы спортқа көңіл бөлуге тырысты. Дегенмен 16 жылдан кейін сол тоқырауға қайта оралдық. 

Жүлде ала алмауымызға не кедергі?

Бұл сұраққа нақты жауап беру қиын. Негізі Олимпиадаға дейінгі әлем кубогы кезеңдерінде, халықаралық жарыстарда қарсыласының бәрін сан соқтырып, жүлдені жиып алып жүрген спортшымыз жоқ еді. Сондықтан сарапшылар, қысқы спортты бақылап жүрген жанкүйерлер Қазақстан құрамасы жүлдесіз оралатынына дайын болған шығар. 

Одан бөлек, Қытайдағы жарыстарда жасанды қар қолданылды. Әрине, бұл барлық спортшы үшін проблема. Дегенмен қар жауатын елдердің спортшыларына бұл сәл қиындау болуы мүмкін деген еді сарапшылар. Себебі қар жаумайтын мемлекеттер өз спортшыларын осындай жасанды қарда дайындаған. Сондықтан бұл спортшылар Қытай жолдарына жақсырақ дайын болуы мүмкін. 

Фото: Тұрар Қазанғапов, Olympic.kz 

Оның үстіне, құрамадағы бәсекелестік төмен болуы да әсер етері анық. Еліміздегі инфрақұрылым деңгейін де ұмытпаған жөн. Мұны таяуда қысқы Олимпиададан Қазақстан тарихындағы жалғыз чемпион Владимир Смирнов та Olympic.kz сайтына берген сұхбатында айтып өткен.

"Бізде қыс мезгілі бар. Бірақ спортымызда құрылым (жүйе) жақсы жұмыс істемейді. Қазақстанда үнемі бір нәрсе өзгеріп отырады. Спортта жетістікке жету үшін алдымен жақсылап талдау жасаған дұрыс. Қай облыста қандай спорт түрлерін дамытуға болады деген секілді. Жүйелі түрде орындалатын жақсы бағдарлама қажет. Бұның барлығын жасау үшін әрине қаржы, жаңа спорт нысандары керек және жарыс кестесін өзгерткен дұрыс. Оларды халықаралық деңгейде жасауға әрекет еткен жөн. Себебі, бәсекелестік аз болған жағдайда таланттарды табу қиынға соғады. Бәсекелестікті үнемі арттырып отыру керек. Ол үшін бізге жиі спорттық шаралар өткізіп, шетелдегі бәсекелерге көбірек қатысу қажет. Әсіресе көршілес елдерге барған дұрыс. Қысқы спорты жақсы дамыған Ресеймен бірыңғай емес, бірақ өте жақын күнтізбелік жоспар жасауға не кедергі келтіреді. Бұл тек негізі құрамды ғана сайыстарға жібере беру керек деген сөз емес. Балалар, жасөспірімдерге де жағдай жасалғаны жөн. Елімізде балалар, жасөспірімдер, студенттер спортын дамыту керек. Алайда бұл үшін жақсы бағдарлама керек екенін тағы да қайталап айтамын. Бұл бағдарламаны құрастырып шығатын талантты адамдар тарту керек және оны енгізу өте маңызды. Бізде бұндай мүмкіндіктер бар, бірақ үлкен спортты дамыту сияқты қарапайым идеяларды жүзеге асыра алмайтынымыз өкінішті",  - деген еді ол. 

Фото: Тұрар Қазанғапов, Olympic.kz 

Осы Олимпиададан кейін жанкүйерлер қысқы спортта қандай да бір өзгеріс болғанын қалайтыны анық. Қандай өзгеріс болатынын төрт жылдан кейін ғана көре аламыз. Енді құрамамыз 2026 жылы италиялық Милан мен Кортина-д’Ампеццо қалаларында өтетін Олимпиадаға дайындалады. 

Даяшы-роботтар мен "ақылды" керуеттер. Қытай Олимпиадада жаңа технологияларымен таңғалдырды

Күн сайын ПТР-тест, шектеулер. Қытайдағы үш апта қалай өтті?


Показать комментарии
Читайте также
Реклама
Реклама
Join Telegram