Үндістанның Нью-Дели қаласында еркін күрестен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрлық додасында 2 алтын, 4 қола медаль еншіледі. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық балуандардың Азия чемпионатындағы нәтижесін қорытындылайды.
Үндістанның Нью-Дели қаласында еркін күрестен Азия чемпионаты мәресіне жетті. Қазақстан құрлық додасында 2 алтын, 4 қола медаль еншіледі. Tengrinews.kz тілшісі қазақстандық балуандардың Азия чемпионатындағы нәтижесін қорытындылайды.
Қазақстан Нью-Делиге әр салмаққа бір балуаннан, яғни 10 спортшы алып барған. Оның алтауы елге олжалы оралды.
2018 жылғы Азия чемпионы, сол жылы әлемнің вице-чемпионы атанған Нұрислам Санаев 57 келіге дейін сынға түскен. Іріктеуде ирактық қарсыласын 9:0 есебімен жеңді. Ал ширек финалда ирандық Алиреза Сарлактан басым түсті. Бірақ Нұрисламның жартылай финалда жолы болмады. Жергілікті балуан Рави Кумармен белдескен ол 7:2 есебімен жеңілді. Санаевтың қола медаль алатын мүмкіндігі болған. Бірақ шешуші айқаста ол жапон Юки Такасахиге жол берді. Ал бұл салмақта алтын медаль Санаевты жеңген Рави Кумардың еншісінде кетті.
Нұрислам Санаев. Фото Olympic.kz сайтынан
61 келіге дейінгі салмақта ел намысын Нұрболат Абдуллаев қорғады. Нұрболат бірден сүрінді. Іріктеуде қырғызстандық Улукбек Жолдошбековпен күрескен. Қазақстандық балуан 4:1 есебімен жеңіліп қалды. Ал бұған дейін Азия чемпионатында екі рет "қола" алған қырғыз балуаны бұл жолы алтын медаль иеленді.
Қазақстан қоржынына алғашқы медальді Дәулет Ниязбеков салды. Ол іріктеуде брунейлік Хаджи Мохамед Алиді жеңген. Бірақ ширек финалда 2018 жылғы әлем чемпионы Такуто Отогуроға есе жіберді. Жапон балуаны финалға шығып, Дәулеттің "қола" үшін күресуіне жол ашып берді. Ниязбеков оны мүлт жібермеді. Моңғолиялық Нямдорж Баттулганы жеңіп, құрлық жарысының қола медалін мойнына тақты. Ал Дәулетті жеңген Отогуро Азия чемпионы атанды.
Дәулет Ниязбековтің жетістігін 70 келіге дейінгі салмақта Мейіржан Әшіров қайталады. Ол ширек финалда Иран спортшысы Амирхоссейн Хоссейниден 4:5 есебімен жеңілген. Бірақ Хоссейни финалға шығып, Әшіров жүлдеге талас жолына қайта араласты. Ол қола медаль үшін күресте үндістандық Навинмен кездесіп, қарсыласын 10:1 есебімен айқын басымдықпен жеңді. Осылайша, Қазақстан қоржынына тағы бір медаль түсті.
Қазақстан қоржынына алтын медаль 74 келіге дейінгі салмақта түсті. Бұл салмақта Азия чемпионатында 2018 жылы қола, 2019 жылы алтын медаль иеленген Данияр Қайсанов бақ сынасты. Бапкерлер Қайсановтан бұл жолы да "алтын" күткен еді, Данияр үмітті ақтады. Ол алдымен ирактық Карам Махмудты, кейін жапон Даичи Такатаниді жеңді. Финалда жергілікті балуан Джитендермен белдескен ол 3:1 есебімен басым түсті. Осылайша, Данияр Қайсанов екі дүркін Азия чемпионы атанды.
Данияр Қайсанов. Фото Olympic.kz сайтынан
79 келіге дейінгі салмақта ел намысын былтырғы Азия чемпионатының қола жүлдегері Ғалымжан Өсербаев қорғады. Бірақ Өсербаев бұл турнирде екі рет белдесуге шығып, екеуінде де жеңілді. Алдымен қырғызстандық Арсалан Будажаповқа жол берген. Бірақ Будажапов финалға шыққандықтан, Ғалымжан "қола" үшін белдесуге мүмкіндік алды. Әйтсе де, ол мұнда да сәтсіз өнер көрсетті - ирандық Али Савадхокиден жеңіліп қалды.
Өсербаевтың сәтсіздігін 86 келіде Азамат Дәулетбеков те қайталады. Азамат та турнирден жеңіссіз оралды. Басында ирандық Ахмад Базригалехтан жеңілген. Базригалехтың финалға шығуы Дәулетбековтің қола жүлде үшін белдесуіне мүмкіндік берді. Азамат бұл жолы өзбекстандық Иса Шапиевтен жеңіліп, жүлдесіз қалды.
Турнирді жеңіліспен бастаған тағы бір қазақ балуаны - Илисхан Чилаев. Ол 92 келіге дейінгі салмақта болашақ Азия чемпионы Мохаммад Джавад Эбрахимиден жеңілген. Бірақ Илисхан турнирді жеңіспен аяқтай алды. Өзбекстандық Аджинияз Сапарниязовпен қола жүлдені сарапқа салған. Екі ұпайға жеңіліп жатқан қазақстандық балуан жекпе-жек соңында жеңісті жұлып алып, қола жүлдегер атанды.
97 келіде де Қазақстан сәтті өнер көрсетті. Бұл салмақта былтырғы құрлықтық жарыстың қола жүлдегері Әлішер Ерғали сынға түскен. Ол алдымен өзбек балуаны Максуд Вейсаловты 10:0 есебімен оңай жеңді. Бірақ ширек финалда ирандық Моджтаба Голеиден жеңіліп қалды. Әлішердің сағы сынбады, қола медаль үшін қырғыз Магомед Мусаевпен белдесті. Бозкілемде Әлішер қарсыласын 11:5 есебімен жеңіп, ел қоржынына төртінші қола медальді салды.
125 келіге дейінгі салмақта Қазақстан қоржынына екінші алтын медаль түсті. Юсуп Батырмурзаев іріктеуде тәжікстандық Фарход Анакуловты 11:0 есебімен жеңген. Ширек финалда үндістандық Сатендер, жартылай финалда ирандық Парвиз Хадибасманиден айласын асырды. Ал финалда моңғол балуаны Доржхант Худэрбулгамен белдесіп, 10:0 есебімен айқын басымдықпен жеңді.
Юсуп Батырмурзаев. Фото Olympic.kz сайтынан
Осылайша, Қазақстан еркін күрестен 2020 жылғы Азия чемпионатында алты медаль еншіледі - екі алтын және төрт қола. Командалық есепте Қазақстан балуандары Иран мен Үндістаннан кейін үшінші орын алды. Салыстырып көрсек, былтырғы Азия чемпионатында Қазақстан екі алтын, бір күміс және екі қола медаль еншілеген еді.